Кез келген статистикалық зерттеу үш кезеңге бөлінеді:
1 статистикалық қадағалау;
2 жиналған материалдарды мәліметтеу және топтастыру;
3 статистикалық көрсеткіштерді өңдеу және талдау.
Бүл кезеңдер бір-бірімен тығыз байланысты: өрбір кейінгі кезеңде атқарылатын статистикалық жұмыс өткен кезеңнің нәтижесіне негізделеді.
Статистикалық қадағалау - бұқаралық әлеуметтік құбылыстар немесе процестер туралы ғылыми ұйымдастырылған мәлімет жинау.
Статистикалық қадағалаудың басты міндеті - зерттеушіні қызықтыратын фактілер туралы толық және объективті ақпарат алу болып табылады. Құқық қорғау органдары үшін статистикалық қадағалаудың басты міндеті (мақсаты) - әрбір анықталған қылмыстар мен оны жасаған адамдарды бастапқы есеп жүргізу құжатына тіркеу.
Статистикалық қадағалауды жүзеге асыру нәтижесінде зерттелетін қоғамдық құбылыстар мен сипатталатын белгілер жаппай сандық тіркеуге түседі. Кез келген статистикалық қадағалауды дұрыс жүзеге асырудың мынадай маңызы бар:
а) оның мақсаты мен міндетін тиянақтылап көрсету;
б) қадағалауға жататын объектіні таңдай білу;
в) қадағалаудың бірлігі, жиынтығын және өлшемін анықтай білу;
г) статистикалық қадағалау бағдарламасын құрастыру.
Қадағалау объектісі - статистикалық зерттеуге түсетін қоғамдық құбылыстардың, фактілердің немесе оқиғалардың жиынтығы. Қылмыстық статистиканың қадағалау объектісі - қылмыс, қылмыскер, жаза.
Қадағалау бірлігі - бастапқы статистикалық ақпарат алынатын көздер. Қылмыстық статистикада бұлар - полиция бөлімшесі, ішкі істер бөлімі, сот, түзеу мекемелері.
Жиынтық бірлігі - зерттелетін жиынтықтың бөлінбеген құрамдас элементі, статистикалық қадағалау процесінде тіркелетін белгілер. Мысалы, бас бостандығынан айыру орындарындағы тәртіп пен құқық бұзушылықтың жай-күйін зерттеу кезінде жиынтықтың бірлігі тиісінше тәртіптік қылықтар мен қылмыс болып табылады.
Өлшем бірлігі. Статистикамен зерттелетін қоғамдық құбылыс қандай да бір өлшеммен өлшенеді. Қылмыстық статистикада өлшем бірлігі ретінде екі көрсеткіш алынады: қылмыстық іс-әрекет және қылмыс субъектісі.
Қадағалау бағдарламасы - статистикалық қадағалау процесінде тіркеуге жататын белгілердің сапалық-сандық көрсеткіштері немесе ғылыми негізделген (анық құрастырылған мәселелердің) тізімдері. Басқаша айтқанда, әрбір зерттелетін жиынтық бірліктері бойынша жауабы алынуға тиісті сұрақтардың тізімі. Қылмыстық-құқықтық қадағалау бағдарламасының негізгі міндеттерінен келіп, қылмыстылық сипаттамасы және олардың үстінен жүргізілетін әлеуметтік бақылаудың мемлекеттік шараларын жүзеге асыру процесі өздерінің көрсеткіштерін түсіндіретін мынадай бөліктерге бөлінуі тиіс:
1 қылмыстылықтың жай-күйі, құрылымы, динамикасы, қылмыстың жасалуына мүмкіндік туғызатын себептері мен шарттары, сондай-ақ қылмыскердің тұлғасы;
2 қылмыстылықтың виктимологиялық көрсеткіштер жүйесі және басқа да қоғамға қауіпті зардаптары;
3 прокуратура органдарының қызметі;
4 ІІМ органдарының қызметі;
5 сот органдарының қызметі;
6 қылмыстық-атқару жүйе мекемелерінің қызметі;
7 басқа да құқық қорғау органдарының қызметі.
Ішкі істер органдарында қадағалаудың өзіндік бағдарламасы болып олардың пайдаланатын бастапқы есеп жүргізу құжаттары мен статистикалық есеп беру болып табылады.
Статистикалық қадағалау негізінен екі нысанда жүзеге асырылады:
1 ) статистикалық есеп;
2) арнайы ұйымдастырылған статистикалық тексеру;
Статистикалық есеп беру статистикалық ақпараттың басты көзі бола отырып, есепті мерзім ішінде есепті бөлімшелердің жұмысы туралы жоғары тұрған мекемеге немесе статистикалық органға арнайы үлгідегі мазмұнда мәлімет ұсынатын ресми құжат болып саналады. Статистикалық есептің деректері бірқатар жалпы талаптарды сақтаған кезде ғана қылмыстылыққа қарсы күрес процесін басқарудың тиімді құралы бола алады. Ондай талаптар мыналар:
- есептік деректер толық, анық, толық және уақыты болуы тиіс, деректердің толықтығы мен уақыттылығына қол жеткізуге ұмтылғанда осы деректерді жинау мен өңдеу шығындарын қысқартатындай ұтымды жақтары қарастырылуы тиіс;
- есеп беру деректері салыстырмалы болуы, яғни өзінің сапалық белгілерімен және уақыт аралығымен біркелкі болуы тиіс.
Арнайы ұйымдастырылған статистикалық тексеру қылмыстық статистикада сирек пайдаланылады. Оған ресми статистикалық есепте көрсетілмеген көрсеткіштер болмаған жағдайда ғана жүгініледі. Мысалы, қылмыстылық пен күрестің тиімділігін зерттеу кезінде ішкі істер органдары қызметкерлерінің құқықтық насихат, кәсіби шеберлікті арттыру жөніндегі жұмыстарға қатысуын білу қажет болып қалады. Осы мақсатта, есеп көрсеткіштерін анықтау мүмкіндігін беретін ғана емес, жергілікті жердегі істің нақты жағдайымен дұрыстап танысу, есепті бөлім қызметтерінің осал және мықты тұстарын анықтау үшін ІІО-ның ұйымдастыру-инспекторлық және басқа да бөлімдерімен арнайы ұйымдастырылған жоспарлы және жоспардан тыс тексеріс өткізіледі. Арнайы ұйымдастырылған статистикалық тексерістің бір түрі санақ жүргізу болып табылады.
Регистрлік қадағалау - белгіленген басталуы, даму сатысы және белгіленген аяқталуы' бар статистикалық қадағалаудың ұзақ мерзімді, үздіксіз түрі. Ол қадағалау бірлігінің жайын тұрақты байқап отыратын және зерттелетін көрсеткіштерге түрлі факторлардың әсер ету күшін бағалайтын жүйеден тұратын статистикалық регистрдің енгізілуіне негізделген.
Іс жүзінде статистика халық регистрі және кәсіпорын регистрі болып бөлінеді. Қадағалаудың бүл түрі құқықтық статистикада қолданылмағандықтан біз оған тоқталмаймыз. ...