Жоспар
1 Социологияның категориялары мен ұғымдарын жіктеу. 3
2 Қоғам жүйе ретінде. 6
3 Әлеуметтік іс-әрекеттер, өзара іс-қимылдар және қарым-қатынастар. 13
4 Қоғам құрылымындағы тұлға. 18
5 Әлеуметтік мәртебелер және рөлдер. 26
6 Әлеуметтік стратификация. 33
7 Әлеуметтік топтар. 44
8 Әлеуметтік институт. 51
9 Әлеуметтік ұйымдар. 60
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі 68
2 Қоғам жүйе ретінде
Қоғам түсінігі социологияның басты категорияларының бірі болып табылады.
Бірақ қоғамның анықтамасын бермес бұрын “табиғат” пен “қоғам” сияқты кең ұғымдарды шектеу, олардың ара жігін айқындап алу қажет. Бұл әлеуметтік-философиялық проблеманың дұрыс шешілуінің социология үшін басты, әдістемелік маңызы бар.
Біз әдетте адам, қоғам - табиғаттың бір бөлігі деп жиі айтамыз және оның негізі бар. Бұл жерде “табиғат” ұғымы бүкіл дүниенің, барлық шынайылықтың (органикалық және бейорганикалық дүниенің, адамның, қоғамның) табиғи бірлігін білдіретін аса кең мағынасында қолданылады. “Қоғам - табиғаттың бір бөлігі” деген тезис мына бір фактіні растайды: адам, демек қоғам да табиғаттан пайда болады; адам - басқа жанды тіршілік иелерімен ортақ қасиеттері көп және табиғат заңдарына бағынатын биологиялық тіршілік иесі; адам баласы тірі табиғат дамуының жоғары сатысы болып табылады; қоғам табиғи ортамен органикалық байланыста және тығыз қарым-қатынаста болады және табиғаттан тыс және одан қол үзіп өмір сүре де алмайды, дами да алмайды; табиғат та, қоғам да өз дамуында ортақ іргелі заңдарға бағынады және т.с.с.
Қоғамды табиғатқа қарсы қоятын басқа бір жағдайда “табиғат” ұғымы деп оның адамға, қоғамға қатысты сыртқы (табиғи-географиялық) орта ретіндегі тұтас шынайы дүние емес, оның тек бір бөлігі ғана айтылады. Адам - мейлі ол өзінің көрінісінің жоғары нысанында болсын, биологиялық (тірі, табиғи) тіршілік иесі ғана емес, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасынан өрбитін тек өзіне ғана тән әлеуметтік сапалар мен қасиеттері бар сапалық тұрғыдан жаңа, принципті ерекше құбылыс; ал қоғам өмірі - әлеуметтік санадан жұрдай және өзін жануарлар әлемінен бөліп көрсетпейтін жеке биологиялық түрлер әрекет ететін биологиялық өмірге (ұйымшылдығы жоғары жануарлар - адамға ұқсас маймылдардың өміріне) қосылмайтын сапалық өзіндік ерекше, әлеуметтік өмір екендігін көрсету және атап өту қажет болған кезде мұның ерекше маңызы бар. К.Маркс адам болмысын қоғамдық қарым-қатынастардың жиынтығы ретінде анықтаған кезде ол осы арқылы адамның ең алдымен қоғамның өнімі екендігін атап өтуге тырысқан.
Социологияда “қоғам” категориясына әр түрлі тұжырымдамалық көзқарастар жасалған [2]. Мысалы, “атомистік” теория бар, оған сәйкес қоғам әрекет етуші адамдардың немесе олардың арасындағы қарым-қатынастардың жиынтығы болып шығады. Бұл тұжырымдаманы шегіне жеткізген Г.Зиммель теориясы болды, ол “қоғам” жеке адамдардың өзара іс-қимылын білдіреді деп ұйғарды. Г.Зиммельдің пікірінше, өзара іс-қимыл әрқашан белгілі бір нәрсеге берілу немесе белгілі бір мақсат үшін қалыптасады. Эротикалық инстинкттер, іскерлік мүдде, діни импульстер, қорғаныс немесе шабуыл, ойын немесе кәсіпкерлік, көмектесуге, үйренуге ұмтылу, сондай-ақ көптеген өзге де уәждер адамды басқа адамдар үшін, басқа адамдармен бірге, басқа адамдарға қарсы әрекет етуге, ішкі жан дүниесін үйлестіруге және келістіруге, яғни ықпал етуге және өз кезегінде ықпалына көнуге итермелейді. Бұл өзара ықпал ету жеке қозғаушы импульстер мен мақсаттарды таратушылардан бірлестік, “қоғам” құралады. ...
9 Әлеуметтік ұйымдар
...Синергетикалық әсер оның негізгі үш құраушысынан құралады:
ұйым өзінің көптеген мүшелерінің күш-жігерін біріктіреді; жай бұқаралық, яғни көптеген күш-жігерлердің бірмезгілділігі энергияны өсіреді;
бірліктердің өзі - ұйымның элементтері оған кіре отырып едәуір өзгешеленеді: олар ішінара мамандандырылған, демек тек белгілі бір функцияларды ғана атқаратын бірбағытты элементтерге айналады. Жеке адамның әрекетінің бұл мамандандырылған бірбағыттылығы да оның энергиясын күшейтеді, өйткені энергия бір нүктеге шоғырланады;
басқарушы ішкі жүйенің арқасында адамдардың әрекеттері синхрондалады, бұл да ұйымның жалпы энергиясының артуының қуатты көзі болады.
Ұйымға тән белгілерді бөліп қараумен қатар олардың белгілі бір типологиясы болады. Ұйымдар ресми және бейресми болып бөлінеді.
Ресми ұйым. Бұл әлеуметтік ресмилендіру, яғни құқықтық, ұйымдық және әлеуметтік мәдени нысандардағы стандарттық, тұлғасыз мінез-құлық үлгілерін мақсатты түрде қалыптастыру негізінде құрылған ұйым. Ресми ұйымның басты функциясы - адамдар қоғамдық еңбектің құралдарымен және мақсаттарымен бір тұтастыққа біріккен гетерогендік жүйені құру.
Ресми ұйымдардың негізгі ерекшеліктерін былай сипаттауға болады.
1) Ол оңтайлы, яғни оның негізін мақсатқа сай, белгілі мақсатқа қарай саналы түрдегі қозғалыс құрайды.
2) Ол принципті тұлғасыз, яғни араларында алдын ала жасалған бағдарлама бойынша “стандартталған” (“мұрат”) қарым-қатынастар орнайтын абстрактілі жеке адамдарға арналған; бұл бағдарламада жеке адамдар арасындағы қызметтестіктен басқа ешқандай қарым-қатынастар, онда функционалдықтан басқа ешқандай мақсаттар көзделмейді. Өзі дамуының шегіне жеткен дәрежесінде ресми ұйымның бұл ерекшеліктері оның бюрократтық жүйесіне өзгереді және оған ұйымның жеке жақтары мен элементтерін абсолюттендіру, оларды дербес құндылықтар дәрежесіне көтеру және қызмет ету құралдарын мақсатқа айналдыру тән болады.
Қоғамдық еңбектің тиімділігін қамтамасыз етудегі ресми ұйымның орасан артықшылықтарымен қатар, оның шектеулілігін атап өткен жөн, өйткені ол қоғамдағы барлық ұйымдық қарым-қатынастарды қамти алмайды. Сондықтан оның шегінен тыс немесе тіпті оның ішінде ұйымдасудың басқа түрі - бейресми ұйым құрылады. ...