...Алайда саяси биліктің жоғары деңгейде көрініс беруі мемлекеттік билік болып есептелінеді. Саясат пайда болған сәтінен бастап биліктік қатынастар: билеп-төстеушілік-бағыну-басқару-атқару негізінде қалыптасты. Бұл саясаттың ең маңызды ерекшелігі. Билік қатынастарынсыз әлеуметтік байланыстарды үйлестіру, түрлі әлеуметтік қауымдастықтар, топтар мен индивидтер арасындағы өзара құптарлық пәтуаға қол жеткізу және қоғамның тұтастығы мен тұрақтылығын ұстап тұру мүмкін болмайды. Саяси билік билеп төстеуші элитаның, топтың жалпы басшылықты іске асыру және елді басқару құқығы ретінде қалыптасты. Социологияда билік мәселесі көп мағынада түсіндіріледі. Билікті зерттеп білудегі әр түрлі ыңғайларды, оның мәнін, табиғатын т.б. бейнелейтін көптеген анықтамалар бар. Ыңғайлардың бірі - ол қоғамға қызметтік бірлікке ие тұтастық ретіндегі холистік көзқарастың логикалық жалғасы. Бұл жерде билік қоғамның қабілеті ретінде қарастырылады. Американ социологі Т.Парсонс билікті ақша институтымен салыстырады: екеуі де қоғамда біріктіруші, топтастыру қызметін атқарады. Басқаша көзқарас тұрғысынан билік өз мәнінде тең емес ассиметриялық әлеуметтік қатынас ретінде қарастырылады, онда қатынасқа түсушілердің бірі өзге біреге ықпал етуде көбірек мүмкіндіктер мен құқықтарға ие (М.Вебер, К.Маркс, Р.Михельс).
М.Вебер шын мәнінде билік заңдылығына, яғни мойындалған “басқаруға құқықтық негізге” үш жолмен ие бола алады дейді. ...