... Әлеуметтік көрініс кең мағынасында үш құрамдас бөліктен тұрады [9]:
- өзіндік әлеуметтік - өзінің әлеуметтік рөлдерін қалыпты атқаруға қажет деген белгілер жиынтығы;
- ерекшеленген мәдени - автоматты түрде сақталатын, индивидтің ажырамас белгісіне айналған және басқалардың оны тәрбиелі деп санауына мүмкіндік беретін әдептілік мінез-құлық нормалары мен ережелерінің жиынтығы;
- өнегелі - адамдағы этикалық нормаларды ең жоғары талаптар ретінде сақтауға байланысты әлеуметтік және мәдени бастамалардың жарқын көрінісі.
Бұлайша тәптіштеп шектеу “адам”, “индивид” және “тұлға” ұғымдарын нақты бөлу үшін қажет. “Адам” ұғымы жалпыға ортақ, барлық адамдарға тән сапалар мен қасиеттердің сипаттамалары үшін пайдаланылады. Бұл түсінік дүниеде тек өзіне тән тіршілік ету тәсілімен басқа барлық материалдық жүйелерден өзгеше адам әулеті, адамзат сияқты ерекше тарихи дамушы қауымдастықтың бар екенін көрсетеді. Осынау тіршілік ету тәсілінің арқасында адам тарихи дамуының барлық сатысында, жер шарының барлық нүктелерінде адам баласы болып қалады, онтологиялық мәртебесін сақтайды.
Бірақ адамзат өз бетінше өмір сүрмейді. Өмір сүретін де, әрекет ететін де нақты адамдар. Адамзаттың жеке өкілдерінің өмір сүруі индивид ұғымымен көрсетіледі. Индивид - адамзаттың жеке дара өкілі, оның барлық әлеуметтік және психологиялық белгілерін: ақыл-ой, ерік-жігер, қажеттіліктер, мүдделер және т.б. иесі. “Индивид” ұғымы бұл арада “нақты адам” мағынасында қолданылады.
Адамның жеке басының және тарихи дамуының түрлі деңгейлеріндегі нақты-тарихи даму ерекшеліктерін көрсету үшін “индивид” ұғымымен қатар “тұлға” ұғымы пайдаланылады. Тұлға - индивид дамуының нәтижесі, оның барлық адамдық қасиеттерінің неғұрлым толық жүзеге асуы.
Тұлға бірқатар гуманитарлық ғылымдардың зерттеу объектісі болып табылады. Философия тұлғаны дүниеде қызмет ету, таным және шығармашылық субъектісі ретінде қарастырады. Психология тұлғаны психикалық процестердің, қасиеттердің және қарым-қатынастардың: темпераменттің, мінездің, қабілеттің, ерік-жігердің және т.б. орнықты тұтастығы ретінде зерттейді. Социологиялық көзқарас тұлғаның әлеуметтік-типтік белгісін бөліп қарайды. ...