ЖОСПАР
Кәсіпорынның айналым капиталы
1 Айналым капиталының мәні және құрылымы.. 2
2 Кәсіпорынның айналым қорын бағалау көрсеткіштері 8
3 Айналым қорын пайдалануды жақсарту жолдары.. 12
Бақылау сұрақтары.. 14
2 Кәсіпорынның айналым қорын бағалау көрсеткіштері
... Айналым қорын тиімді пайдалану оның айналымдылық көрсеткіштерімен өлшенеді. Айналым қорының айналымдылығы дегеніміз – қордың өндіріс пен айналымның жеке кезеңдерін тізбектеп өту ұзақтығы.
Айналым қорының айналымдылығының келесі көрсеткіштері қолданылады:
2) айналымдылық коэффициенті;
3) айналым құралын жүктеу коэффициенті;
4) бір айналымның ұзақтығы.
Айналымдылық коэффициенті кәсіпорынның айналым қорының орташа қалдығын көтерме бағада сатылған өнімнің көлеміне қатынасына тең:
Кайн = Өс / Қорт (7.1)
Мұндағы, Кайн – айналым қорының айналымдылық коэффициенті, айналым;
Өс – сатылған өнім көлемі, тг;
Қорт – айналым қорының орташа қалдығы, тг.
Айналымдылық коэффициенті кәсіпорынның айналым қорының белгілі кезең ішіндегі (жыл, тоқсан, ай) жасаған айналым саны немесе айналым қорының 1 теңгесіне шаққандағы сатылған өнімнің көлемін көрсетеді. Формуладан көрініп тұрғандай, айналым санының артуы, не айналым қорының 1 теңгесіне шаққандағы өнімнің шығарылуын арттырады, не өнімнің осы көлеміне аз айналым қорының сомасын жұмсау керектігін көрсетеді.
Айналым қорын жүктеу коэффициенті айналымдылық коэффициентіне кері көрсеткіш. Ол сатылған өнімнің 1 теңгесіне шаққандағы айналым қорының сомасын көрсетеді:
Кжүк = Қорт / Өс (7.2)
Мұндағы, Кжүк – айналым қорының жүктеме коэффициенті.
Айналым қорының ең негізгі функцияларының бірі оларды пайданың өндіріс активі ретінде пайдалану. Осы қордың (капиталдың) аты айтып тұрғандай, айналымдағы олардың маңызы өте зор. Осы мақсатта айналым қорының көлемін белгілі кезең ішіндегі олардың айналымдылық санын бағалайды және кәсіпорынның қалыпты жұмыс жасауын қамтамасыз ететін қор көлемі неше күнге жететіндігін анықтайды. Жалпы бір айналымның ұзақтығын күн есебінде мына формула бойынша анықтаймыз:
Т күн = С / Кайн (7.3)
Мұндағы, Ткүн – күн есебіндегі қор көлемі;
С – кезеңдегі күн саны (360, 90, 30).
Ал шикізаттың, материалдың, дайын өнімнің және т.б. қорын талдау, жоспарлау және бақылауды ұйымдастыру мақсатында қор көлемін күн есебінде мына формуламен анықтаймыз:
Ткүн = Қі / Ші (7.4)
Мұндағы, Ткүн – күн есебіндегі қор көлемі;
Қі – натуралды өлшем бірліктегі қажетті ресурс түрінің (і) қоры;
Ші – сол өлшем бірліктегі қажетті материалдың (і) орташа күндік шығыны.
Әрбір кәсіпорында қордың орташа мөлшері мәліметтер екі датаға берілген жағдайда орташа арифметикалық әдіспен және мәліметтер үш және одан да көп датаға берілген жағдайда орташа хронологиялық әдіспен анықталады.
Қорды басқару жағдайын бағалау үшін олардың айналымдылығын күн және рет есебінде мына формулалармен анықтаймыз:
Тайн = Σ Ā / Шкүн (7.5)
Мұндағы, Тайн - күн есебіндегі айналымдылық;
Σ Ā – белгілі бір кезең ішіндегі орташа тауар қоры, сомада;
Шкүн – сол кезең ішіндегі бір күндік шығын, сомада.
Трет = Vсат / Σ Ā (7.6)
Мұндағы, Трет – рет есебіндегі айналымдылық;
Vсат – белгілі кезең ішіндегі сатылған көлем;
Σ Ā - сол кезең ішіндегі орташа қор.
Орташа айналымдылықты есептеу дегеніміз – бірдей бағадағы қордың орташа көлемінің сатылған өнімнің өзіндік құнына қатынасы.
Күн есебіндегі айналымдылық көлемі ликвидтік көрсеткіштің бірі болып табылады, яғни ол қордың ақшаға айналу жылдамдығын анықтайды.
Айналым қорының айналымдылығы азайған сайын немесе сол сатылған өнімнің көлеміндегі олармен жасалған айналымдылық саны артса, айналым қоры соғұрлым аз қажет болады, және керісінше, айналым қоры көп айналым жасаған сайын, оларды пайдалану соғұрлым тиімді болып келеді.
Қазіргі жағдайда кәсіпорынның алдыңғы қатарлы мәселелерінің бірі айналым қорының айналымдылығын жылдамдату болып табылады. Оған мынадай жолдар арқылы қол жеткізіледі:
1) өндірістік қордың қалыптасу кезеңінде – қордың экономикалық негізделген нормасын енгізу; шикізат, жартылай фабрикаттар, қосалқы бұйымдар және тағы да басқалардың жабдықтаушыларын тұтынушыға жақындату; жабдықтаушы мен тұтынушы арасындағы тікелей байланысты ұзақ, кеңінен пайдалану; материалдық-техникалық қамтамасыз етудің қоймалық жүйесін кеңейту, сондай-ақ көтерме сауданы материалдар мен жабдықпен қамтамасыз етуді жетілдіру; қоймадағы арту-түсіру жұмыстарын кешендік механикаландыру, автоматтандыру.
2) Аяқталмаған өндіріс кезеңінде – ғылыми-техникалық прогрессті жылдамдату (аз қалдықты және қалдықсыз прогрессивті техника мен технологияны енгізу); стандарттауды, унификациялауды, типизациялауды дамыту; өнеркәсіптік өндірісті ұйымдастыру формаларын жетілдіру, анғұрлым арзан құрастырғыш материалды пайдалану; шикізат пен отын-энергетикалық ресурсты үнемді пайдалануды экономикалық ынталандыру жүйесін жетілдіру; жоғарғы сұранысқа ие өнімдердің үлес салмағын арттыру.
3) Айналыс кезеңінде - өнімді тұтынушыларды, оларды дайындаушыларға жақындату; есеп айырысу жүйесін жетілдіру; тікелей байланыс бойынша тапсырыстарды орындау, өнімді мезгілінен бұрын өндіру, үнемделген материалдан өнімді өндіру арқылы өнімді сату көлемін арттыру. ...
3 Айналым қорын пайдалануды жақсарту жолдары
... Айналым қорын тиімді пайдалану көптеген ішкі және сыртқы факторларға байланысты.
Кәсіпорынның бағыты мен қызмет ету стратегиясына қарамастан, мынадай сыртқы факторларға тәуелді болады:
- жалпы экономикалық жағдай;
- салық заңдылығының ерекшелігі;
- қаржы-несиелік жүйе;
- ғылыми-техникалық саясат және басқалары.
Айналым қорын тиімді пайдалануды арттырудың бірқатар резервтері сол кәсіпорынның өзінде. Кәсіпорын айналым қорының қозғалысын оңтайландырудың ішкі резервін пайдалана алады. Айналым қорының құрылымын ескерудегі маңызды резерв - өндіріс қорын тиімді ұйымдастыру жүйесінде.
Өндіріс қорын қысқартудың негізгі жолдарына мыналар жатады: оларды оңтайлы пайдалану; нормадан тыс материалдар мен қорды ликвидациялау, шаруашылық айналымға нормадан тыс және артық қорды қатыстыру; өндірісті қамтамасыз етудің материалдық-техникалық жүйесін жетілдіру, соның ішінде жабдықтау келісімінің нақты жағдайының тәртібін бекіту, олардың орындалуын қамтамасыз ету; нормалауды жетілдіру; тікелей шаруашылық байланысты оңтайландыру мен кеңейту; жабдықтаушылардың тиімдісін таңдау; транспорттық жүйенің тиімді жұмысы және басқалары қойма шаруашылығын ұйымдастыруда анағұрлым маңызды нәтижелер береді.
Аяқталмаған өндірістегі айналым қорының қатысу уақытын қысқарту өндірісті ұйымдастыруды жетілдіру, негізгі қорды пайдалануды жақсарту жолымен, қолданылып жатқан техника мен технологияға, айналым қорын қозғалыстың барлық кезеңінде үнемдеу арқылы қол жеткізуге болады.
Айналым аясындағы айналым қорының айналымдылығын жылдамдату дайын өнімнің кәсіпорын қоймасында болу кезеңі мен тұтынушылардың оның төлем ақысын төлеу кезеңін минимизациялау арқылы жүзеге асырылады. Айналым қорының айналымдылығын жылдамдатудың негізгі алғышарттары – келісімдік және төлемдік тәртіпті сақтау, кәсіпорынның тиімді маркетингтік стратегиясы, есеп айырысудың прогрессивті формаларын қолдану, құжаттаманы дер кезінде толтыру мен оның қозғалысын жылдамдату.
Айналым қорының айналымдылығын жылдамдату ауқымды соманы босатуға мүмкіндік береді. Ол соманы қосымша қаржыландыру көздерін іздестірмей-ақ өндіріс көлемін арттыруға жұмсауға болады, ал босатылған құралды кәсіпорын қажеттілігіне сәйкес пайдалануға болады. ...