Ақпараттар теориясы. Радиотехникалық сигнал мен тізбектерді талдау
1.1. Ақпарат және оны таратудың халық шаруашылығындағы орны
Өзімізді қоршаған айналаны сезу түрімен оларды өзіміздің санамызда сақтау белгілерін ақпарат (информация) деп атаймыз. Өмірде іс жүзінде кездесетін ақпарат материалдық ортаның жағдайы, оның қасиеті, өркендеу заңы, қоғамның және оның мүшелерінің мақсаты мен соған жету әдістері туралы хабар ретінде кездеседі. Ақпарат, оларды түрлендіру, өңдеу, бір жерден екінші жерге жеткізудің қоғам өндірісіндегі еңбек тиімділігін арттырудағы маңызы өте зор. Ақпаратты түрлендіріп, өңдеп және тарату көлемінің өсу қарқыны өндірістің өсу қарқынынан артық болмайынша ғылыми-техникалық прогресс болуы мүмкін емес.
ЮНЕСКО-ның болжамы бойынша ХХІ ғасырдың басындағы ғылымның ең мықты нәтижелісі ақпарат туралы ғылым болмақ.
Егер осы уақытқа дейінгі елдің күші оның әскери күшімен, алтын қорымен, электр энергиясы күшімен және т.б. өлшенсе, қазіргі уақыттағы жоғарғы көрсеткіштің бірі ретінде ақпарат өндірісі көрсетіліп отыр.
1.2. Ақпараттық процесстердің классификациясы
Ақпараттық процесстер мазмұны және қолданылатын орнына қарай классификацияланады.
Ақпараттық жұмыстың мазмұны негізгі, қосалқы және қызметші жұмыстардан құралады.
Негізгісіне жататындар ақпаратты жинап алу мен оны түрлендіру. Ақпаратты жинап алу қоршаған айналамен басқарылатын объектілердің жағдайын сезу қабілеттілігіне негізделген. Егер оларды жинайтын адам болса, онда оның сезім мүшелері, ал егер механикаландырылған болса онда әр түрлі микрофон, фототетіктер, телекөрсеткіштер т.б. ақпарат қабылдап беруші аспаптар болады. Сол көптеген хабарлардың түрлері адамдардың миында немесе есептеу техникаларында қолданылуға оңай бір келкі сигналдарға айналдырылады.
Ақпаратты жинау және түрлендіру әр түрлі уақыттарда әр түрлі кеңістіктерде болатындықтан оларда қосалқы жұмыстар қажет болады. Қосалқы жұмыстарға жататындар: а) ақпаратты белгілі бір түрде, бір уаытта байқап көру (таблода, есептеуіш көрсеткішінде, дыбыс сигналы ретінде т.б.); б) ақпаратты сақтап қою (әр түрлі сақтағыштарда); в) ақпаратты тасымалдау (бір жерден екінші жерге жеткізу); г) ақпаратты мультипликациялау (өсіріп, көбейтіп, қайталап, күшейтіп т.б.); д) ақпаратты сұрыптау (түрлеріне қарай классификациялау); е) ақпаратты іздеу (сақталған орнын белгілеу, тасымалдау әдісін анықтау т.б.).
Қызмет ету жұмыстарына сол ақпаратты жинап, түрлендіріп, тарату істеріне жағдай жасаушы жұмыстар (электр энергиясымен т.б. материалдармен жабдықтау, жарық беру, аспап, құралдарды жұмыс істей алатын жағдайда ұстап тұру т.б) жатады. Қолданылатын орнына қарай ақпарат басқару, жобалау және реттеу жұмыстарында пайдаланылатын болып бөлінеді.
Ақпараттар теориясы – табиғаттағы әртүрлі ақпараттық процестерді жалпы түрде қарастыратын, яғни ақпаратты бейнелеу, қабылдау, түрлендіру, жинақтау және тасымалдау туралы ғылым.
Ақпарат берілетін хабарлар түрінде жинақталады. Ондай хабарлардың мысалы ретінде телеграмма мәтінін, фототелеграмманы, сөйлеген сөзді, музыканы, теледидарлық бейнені, есептеу машинасына берілетін хабарлық сандар мен сол машинадан алынатын нәтижелерді, қашықтан басқарудағы командаларды т.б. алуға болады.
Хабарларды тиісті орнына жеткізіп беру үшін әр түрлі жылдамдықпен таратылатын физикалық процесті пайдалану қажет болады. Уақытқа байланысты өзгеріп, хабарды бейнелеп бере алатын физикалық шаманы сигнал деп атайды (мысалы, ток күші, электромагнит өрісі т.б.). Хабарлар және оларға сәйкес келетін сигналдар пайда болатын орынды хабарлар немесе сигналдар көзі деп атайды. Хабарларды шығарып жөнелтуші және оны қабылдап алушы адам немесе әр түрлі таратушы, тіркеуші, сақтаушы және пайдаланушы аспаптар болулары мүмкін.
Хабарлардың өзінің шыққан көзінен пайдаланушысына дейінгі бір бағыттағы жүріп өтетін жолын қарастырайық (1-сурет).
Хабарларды таратушы құрылғы хабарлардың алғашқы түрлерін сигналдарға ауыстырып, ал хабарларды қабылдап алушы құрылғы сол сигналдарды алғашқы хабарларға қайтадан ауыстырады.