Исфиджаб қаласынан солтүстікке қарай шыққан керуен жолы Қаратаудың терістік бауырындағы Құмкент,Баба-ата,Созақ қалаларын,одан кейін Орталық Қазақстан далаларын басып өтіп,Кеңгір,Жезді,Нұра,сондай-ақ Ырғыз бен Ертіс аңғарларына,қимақ-қыпшақ тайпалары мекендеген аудандарға қарай беттейтін болған.Маңызды сауда жолдарында керуен сарайлар,жолда құдықтар мен су қоймалары орналасқан.Өзендерге көпірлер салынған.Қалаларда сауда орны,ірі базарлар болған.Орта Азиядан шыны,асыл заттар,көп қолданылатын өнер бұйымдары,жылқы малы т.б шығарылып,Қытайдан жібек,фарфор,керамика әкелінетін.Шеттен әкелінетін бұйымдар-меруерттен,лазуриттен,маржаннан жасалған немесе солармен әшекейленген заттар.
Қалалардың өсіп өркендеуі,сауданың дамуы,ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұранымды арттырған.Мұның өзі егіншілік пен мал шаруашылығының дамуына себепкер болды.Жауын-шашынның аз болуына байланысты Қазақстанда егіншілік көбінесе суармалы негізде дамыды.
Егін шаруашылығы елдің Оңтүстігінде,Сырдария,Арыс,Бадам өзендері алқабында,Жетісуда,Іле өзені бойында біршама жақсы дамыды.Орталық Қазақстан егіншілікпен судың тапшылығына байланысты тек өзен алқаптары мен тау бауырындағы жерлерде ғана шұғылданды.Елдің барлық жерлерінде егіншілік кәсіптері мал шаруашылығымен ұштасып жатты.
IX-XII ғасырларда Отырар өңірі суармалы егіншіліктің орталығы болды.Мұнда егістік көп тармақты суландырмалы жүйемен жабдықталды.Су жолы Арыс өзеніндегі су қоймасы арқылы жүргізіліп,оның бір саласы Отырар қаласына келді,екінші саласы Құйрық төбе,Алтын төбе,Жалпақ төбе,Марданкүйік қалаларына барды.Отырарға баратын су жолы төңіректегі рабадтарды сумен қамтамасыз етіп,сонымен бірге қаланың солтүстігіндегі алқапты суландырған.Ал Сырдариядағы су жолы Сауран мен Сығанақты және сол жағалаудағы Сүткентті,Аркөкті,Аққорған және Үзкентті сумен қамтамасыз еткен.Талас жотасының тау бауырларындағы жерді суландыру үшін Бадам,Сайрамсу,Арыс,Ақсу өзендерінің суы пайдаланылған.
Жер кетпен тәрізді темір шоттар және темір,не шойын ұштары бар,жер жыртатын құралдармен өңделіп,егін ору темір орақпен жүргізілген.Дәнді ұнтақтау үшін тас дирмендер қолданылған.Қолдан суару негізінде Жетісу тұрғындары астық өсіріп,жүзім шаруашылығымен және шарап жасаумен айналысты,бақша және бау дақылдарын екті.Таудың төменгі етектерінде Талғар, Есік, Қаскелең, Үлкен және Кіші Алматы, Бақанас, Көксу,Лепсі өзендерінің орта және төменгі ағыстарының бойында да суландыру құрылыстары болған.Талас өзенінен Тараз қаласына тартылған су жолы арқылы қаланың айналасындағы бау-бақшалар суғарылып,гүлдеп тұрған.Қазақстан жерінде халықтар өздерінің даму дәрежесіне қарай қолөнер кәсібімен де шұғылданды.