Жоспар
1 Қылмысқа қатысушылық формасының түсінігі.......... 3
2 Қылмысқа қатысушылық формалары жөніндегі теориялық негізгі ағымдар.......... 7
3 Қылмысқа қатысушылық формаларын топтастыру.......... 31
4 Қылмысқа қатысушылық формаларын топтастыру негіздері.......... 61
1 Қылмысқа қатысушылық формасының түсінігі
Қылмысқа қатысушылықтың формалары қылмыстық құқықта кеш айтылып, ал Қазақстан Республикасының қылмыстық заңында арнайы қарастыру 1995 ж. 17-ші наурыздағы Қазақстан Республикасы Президентінің “Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Жарлығы арқылы мүмкін болды. Яғни, сол кездегі қылмыстық кодекске 17-1-ші бабы қосымша түрде енгізіліп, ол бап қылмысқа қатысудың формаларына арналды.
Қылмысқа қатысушылық мәселесі қылмыстық құқықтың жеке институты ретінде, ерте ғасырлардан бастау алып, соған қарамай қылмысқа қатысушылық мәселесін арнайы зерттеген заңгерлердің арасында дау тудырып, осы күнге дейін жалғасуда. Осы теорияны бекітуде және дамытуда заңгер ғалымдардың көптеген ойлары мен шешендіктері көрінуде. Вербовая О.В. “жеке адаммен қылмыс жасау әлдеқашан топ болып қылмыс жасауға айналды, ал топ күйінде қылмыс жасау тез ұйымдасқан сипатқа айналуда” дейді [21. 92]. Қылмысқа қатысушылық тақырыбындағы жете зерттелмеген, әлі де өз шешімін толық таппаған жеке мәселелердің бірі қылмысқа қатысушылық формаларының түсінігі болып табылады. Жұмыста негізінен қылмысқа қатысушылық формаларын топтастыру мәселесі қаралатындықтан қылмысқа қатысушылық формасы ретінде нені ұғатынымызды білу – жұмыстың өзектілігінің бірі болып саналады. Осы тақырыпты зерттеген ғалым-криминалистердің еңбектерінде қылмысқа қатысушылық формаларына жалпы, ортақ түсінік берген адамдар кемде-кем. Солардың ішінде осы мәселеге берген түсінігінде П.Ф.Тельнов: “Қылмысқа қатысушылық формасы – бұл екі және одан көп адамдардың қасақана әрекеттері қандай жолдармен біртұтас қылмысқа қосылатынын көрсететін, кінәлілердің өзара әрекеттері әдістерінің сыртқы жағы”, - дейді [17. 107]. Ал Н.Г. Иванов қылмыстық заңда қылмысқа қатысушылық формасының түсінігін бекіту қажеттігін айта келіп: “Қылмысқа қатысушылық формасы алдын-ала келісіммен және алдын-ала келісімсіз құрылған топ, банда, ұйым ретінде көрінетін топ болып табылады”, - дейді [22. 122]. Қазіргі Ресейден шыққан оқулық әдебиеттерден мынадай да анықтама кездестіруге болады.
Қылмысқа қатысу формасы – бұл өзара әрекеттерінің тәсілдері және келісім дәрежесі бойынша ажыратылатын бірнеше адамдардың қылмыс жасау кезіндегі бірлескен әрекеттерінің түрлері [23. 197].
Осы үш анықтама дұрыс па немесе басқаша берілуі керек пе?
Көрсетіліп отырған анықтамалар мағынасы жағынан бір-бірінен алшақ жатыр. Н.Г.Ивановтың берген анықтамасы әділетті сынға келеді, себебі мұнда қылмысқа қатысушылық формасының түсінігі жоқ. Ол қылмысқа қатысушылық формалары мен қылмысқа қатысудың қылмыстары түрлерін (аталған еңбектің басқада бөліктерінде) топ ретінде көрсетіп, форма осылай көріне береді дегенге келтіреді. Осы мәселені шешуде дұрыс бағыт болар еді, егер Н.Г.Иванов осы қылмысқа қатысушылық түрлерін көрсетпей, белгілер қолдану арқылы анықтама берген болса және бұл анықтаманың тағы бір күмәнді жері оның барлық қылмысқа қатысушылық формаларын топқа айналдыруы. Егер қылмысқа қатысудың формалары мен түрлері бүгінгі біз білетін түрлерден де көп болған болса, соның бәрін қылмысқа қатысушылық формасының түсінігін беру үшін тізіп көрсете беру керек пе еді? Сондықтан біз бұл анықтамамен келісе алмаймыз.
А.А. Герцензон қылмысқа жанасушылықтың анықтамасын беру жайында былай дейді – “Біздің пікірімізше қылмысқа жанасушылықтың түсінігінің анықтамасын бергенде оның түрлерін түгелдеуге апаруға болмайды” [24. 377]. Анықтама беру жайында Ғ.Ы.Баймурзин көңілге қонымды мынадай пікір келтірген. “Әрине, оның түрлерін көрсете отырып, біз қандай да бір деңгейде зерттеп отырған түсініктің мазмұнын ашамыз, бірақ түсініктің анықтамасы әрі қарай жалғасып, оған барынша елеулі жақтарымен, құрамдарын, түрлері мен формаларына ортақ барлық белгілерін, оларды біртұтас етіп біріктіретін барлық ішкі байланыстарын қосу керек”, – дейді [25. 19]....
2 Қылмысқа қатысушылық формалары жөніндегі теориялық негізгі ағымдар
Қылмысқа қатысушылық формалары жөніндегі мәселе әлі күнге дейін шешімін таппаған даулы мәселе болып келеді. Зерттеуші ғалым криминалистердің қылмысқа қатысушылық формаларын топтастыру және оларды бөлу критерийі бойынша жасаған қорытындыларында ұқсастық байқалғанымен айырмашылықтар да жетіп жатыр.
Қылмысқа қатысушылықтың формаларын біркелкі және дұрыс шешудің теориялық қана емес, сонымен бірге практикалық мәні зор.
Бұл мәселенің Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің арнайы бабында бейнеленуіне ұзақ уақыт өтпесе де, қысқа уақыт ішінде әр алуан бейнеленіп үлгерді. Мысалы, «Қазақстан Республикасы кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 ж. 17-ші наурыздағы Жарлығы мен алғашқы рет заңға енгенде бір топ адамның алдын-ала уәделесуі бойынша істелетін қылмыстар, ұйымдасқан топ, қылмыстық қауымдастық формалары көрсетілсе [6. 1], қазіргі қылмыстық кодекстің 31-ші бабында алдын-ала келісімсіз топ адамдарың жасаған қылмысы, алдын ала келісіммен топ адамдардың жасаған қылмысы, ұйымдасқан топ, қылмыстық қауымдастық (қылмыстық ұйым) болып анықталған.
Мұның бәрі тергеу және сот органдарының қылмысқа қатысушылар әрекеттерін тұрақты квалификация жүргізуіне және олардың жауапкершілік шегін анықтауына кедергі жасары сөзсіз.
Бұл зерттеудің басты мақсатының бірі, ол қылмысқа қатысушылық формаларын анықтау және қылмысқа қатысушылық формаларының бөлу критерийін анықтау болып табылады. Осы мәселені терең зерттеген ғалымдардың қылмысқа қатысушылық формаларын бөлу критерийіне және топтастыруларына шолу жасап өтейік. Ескі әдебиеттердің ішінде Д.А. Дриль қылмысқа қатысушылық формаларын «түрлер» ретінде атап, әр түрлі белгілер бойынша бөледі. Оның бөлуі бойынша 1. Қылмыстың өзі қылмысқа қатысуды қажет ететін жағдайлар, мысалы, Дуэль: 2. Факультативтік қылмысқа қатысушылықтар, мысалы, кісі өлтіру қылмысында өлім болуы немесе болмауы да мүмкін жағдайлар; 3. Қылмыс жасау үшін ой бекітетін және қылмыс жасау құралдарын дайындап қылмысқа қатысушылыққа әкелетін жағдайлар; 4. Бірге қылмыс жасауға әкелетін қылмысқа қатысушылықтар, яғни қылмыс жасау кезінде пайда болған әр түрлі достастықтың нысандары; 5. Қасақаналықпен, абайсыздықпен және кездейсоқта жасалатын қылмысқа қатысушылықтар; 6. Алдын-ала келісіммен қылмысқа қатысушылық; 7. Алдын-ала келісімсіз қылмысқа қатысушылықтар немесе скоп деп, алдын-ала келісіммен жасалатын қылмысқа қатысушылықтан заговорды, шайканы және банданы шығарып бөледі [29. 153]...
3 Қылмысқа қатысушылық формаларын топтастыру
Қылмысқа қатысушылық формаларын топтастыру мәселесін қарастыруда, бірінші формаларды анықтау керек пе немесе оларды бөлу критерийін атау керек пе - бұл да ойландыратын жәйт. Бізге дейінгі зерттеушілер қылмысқа қатысу формаларын қарастырғанда бөлу критерийін алдымен ұсынады. Бұл дұрыс. Бірақ келтірілген критерийге анықталмаған формалардың сай келмеуі - бұл екі мәселенің арасындағы байланысты дұрыс аша алмауды білдіреді. Формаларды топтастырудан бастау үшін топтастыру негізіне жарамды бір белгіні қойып соған қарай бөлу керек сияқты. Біз қылмысқа қатысу формалары олардың түсінігін ашатын белгілеріне қарай ажыратылады дедік. Бірақ ондай бір тұтас ажыратушы белгіні қылмысқа қатысушылық формаларының белгілерінен таппадық. Бөлу критерийін бірінші атап, осы негізде топтастыру үшін қылмысқа қатысушылық формаларының ішінен бір немесе бірнеше белгі ерекшеленіп тұруы керек. Қылмыстық кодекстің 27 бабында көрсетілген анықтамадағы белгілерді ала алмаймыз. Себебі барлық формаларға ортақ белгіні алу, тағы да көмескі, нақты ажырату сапасына келмейтін “дәреже”деген ұғымды алуға итермелейді. Әр форманың өзіне немесе олардың бірнешеуіне ортақ белгілердің ешқайсысы барлық формаларды бөле алмайды (мысалы тұрақтылық).
Бұл айтылғандар жұмыстың осы мәселе жөніндегі бірінші мақсаты, екінші мақсаты келтіретін бөлу критерийіміз анық, түсінікті түрде аталуы қажет. Біздің алдағы жүргізетін зерттеуімізге қоятын талаптарымыз осындай. Қылмысқа қатысушылық формаларын топтастыру үшін ұсынатын бөлу критерийіміз, қылмысқа қатысушылық мәселесіне тікелей байланысты маңызды жәйттар болса, анығырақ айтқанда бірлескен түрде жасалатын қылмыстарды саралауға, жауапкершілік көлемін анықтауға немесе қоғамға қауіптілік дәрежелерін т.б. жағдайларына әсер етер белгілер болса маңыздырақ бола түсер еді. Демек бұл жағын барынша ескеруіміз керек. Біз жоғарыда бір форма басқаларынан бір емес, бірнеше белгілер бойынша ажыратылуы да мүмкін екендігін айттық. Әлем тану ғылымында формалар бір-бірінен түсіне, салмағына, көлеміне т.б. белгілеріне қарай ажыратылу мүмкінділігіне ие. Сонымен қатар, қылмысқа қатысушылық формаларын топтастыруға да қоятын талаптар жеткілікті. Біріншіден, авторлардың осы мәселе жөнінде келтірген алуан түрлі атаудағы, формаларды анықтауға арналған ұғымдарын анықтап, іріктеу керек. Екіншіден, ҚК Ерекше бөліміндегі табиғатынан қылмысқа қатысушылықпен жасалатын қылмысқа қатысу түрлерін қай формаларға жататынын анықтау керек. Баяндалған жағдайларды ескерсек, бізге сырттан бөлуші критерий іздеуге тура келеді. Яғни ҚК 27-ші және 31-ші баптарында көрсетілмеген бөлу белгісін табуға мәжбүрлік туып отыр. Егер қылмысқа қатысушылық формаларын бөлуге сырттан белгі таба алатын болсақ, онда бізге алдымен бөлу критерийін емес, формаларды бірінші қарастыруға мүмкіндігіміз бар. Керісінше, қылмысқа қатысушылық формаларын анықтаудан, топтастырудан емес, бөлу критерийінен бірінші қарастыруға мүмкіндігіміз бар, егер біз осы мәселені зерттеушілердің ұсынған формаларымен өзіміз келтіретін формаларда елеулі айырмашылықтар байқалмаса.
Шынын айтқанда бұл мәселені зерттеген ғалымдардардың ұсынған формаларында елеулі айырмашылықтар жоқ. Сонымен, қылмысқа қатысушылық формаларын топтастыру немесе бөлу критерийін қарастыру жоғарыда айтылған себептер бар болғанда, бұл екеуінің де бірінші болып зерттеуге алынуға мүмкіндігі бар екен. Негізінде қылмысқа қатысушылық формалары мен оларды бөлу критерийі, өзара тығыз байланыста қарастырылатын мәселе болып есептеледі. Бірақ басын ашып алатын бір мәселе, егер қылмысқа қатысушылық формаларын бөлу критерийі ретінде сырттан тапқан белгі мойындалмайтын болса, онда бізде “қылмысқа қатысудың әртүлі көріністері” деп атауға мәжбүрміз. Оған Н.Г. Иванов, Ю.А. Красиков айтқандай бөлу критерийі керек емес. Біз сырт белгілер ретінде ҚК 27-ші және 31-ші баптарындағы анықтамаларға көрсетілмеген, яғни заңда және заң теориясында келтірілмеген, бірақ қылмысқа қатысушылық формаларына міндетті түрде қатысты белгілерді алуды айтып отырамыз. Турасын айтқанда, қылмысқа қатысу формаларының бөлу критерийін алдымен келтіріп, сол бөлу критерийі бойынша формаларды топтастыруда қиындыққа соқтырады. Себебі, келтірілген бөлу критерийіне толық жауап беретін немесе сол критерийден тікелей тарайтындай формаларды анықтауды жүргізсек, онда біз бұрынғы зерттеушілер келтірген формалардан тым алшақ кетіп қалуымыз мүмкін. Мысалы тұрақтылық белгісіне қарай бөлетін болсақ, тұрақты ұйымдасқан топпен және тұрақсыз роль бөліп қылмысқа қатысу тәрізді екі ғана қатысушылықты келтіре аламыз да, ал қалған алдын-ала келісімсіз қылмысқа қатысушылықтармен қылмыстық қауымдастықты келтіре алмаймыз. Өйткені тұрақсыз жасалатын қылмысқа қатысушылықтар өзара басқа белгілерге қарай бөлінеді. Қылмыстық қауымдастықпен ұйымдасқан топ екеуі де тұрақты жасалатындықтан орларда басқа белгілерге қарай бөлінеді. Сондықтан біз алдымен қылмысқа қатысушылық формаларына көңіл аударуымыз керек.
Бір айта кететін мәселе, бізге дейтінде осы мәселені зерттеген авторлар қылмысқа қатысушылықтың алуан түрлі атаудағы формаларын келтіреді:
1. Алдын-ала келісімсіз қылмысқа қатысу.
2. Алдын-ала келісіммен қылмысқа қатысу.
3. Жай қылмысқа қатысушылық.
4. Қылмысты бірге орындаушылық.
5. Бірдей кінәлілік.
6. Топ болып қылмысқа қатысушылық.
7. Роль бөліп қылмысқа қатысу.
8. Күрделі қылмысқа қатысу.
9. Тығыз мағыналы сөздегі қылмысқа қатысу.
10. Осы мағыналы сөздегі қылмысқа қатысу.
11. Ерекше топтағы қылмысқа қатысу.
12. Ұйымдасқан топ.
13. Қылмыстық топ.
14. Қылмыстық бірлестік.
15. Қылмыстық топтастық.
16. Қылмыстық ұйым.
17. Қылмыстық қауымдастық.
Осыншама көп атаудағы қылмысқа қатысушылық формалары шын мәнінде барма деген сұрақ туындайды. Осы 17 түрлі атаудағы қылмысқа қатысушылық формалары бар ма, жоқ па осыны анықтап көрейік. Ең алдымен алдын-ала келісімнің болуына немесе болмауына қарай қылмысқа қатысу формаларын атау күңгірт жағдайларға соқтырады. Өйткені, алдын-ала келісіммен жасалған қылмысқа қатысушылықтың артында бір-бірінен объективтік белгілеріне қарай айырмашылықтары бар формалар бар. Бұл, келісімге қарай қылмысқа қатысу формаларын келтірмеудің бірінші себебі, екінші себебі қылмысты бірге орындаушылық және қылмысты роль бөліп орындау тәрізді формалар алдын-ала келісіммен де, алдын-ала келісімсіз де жасалуы мүмкін. Алдын-ала келісімнің болуы немесе болмауы қылмысқа қатысушылықты келісімге қарай бөлудің бір түрі болып саналады. Бірақ біздің ойымызша ұйымдасқан қылмыстық топ және қылмыстық қауымдастықтан басқа формалар алдын-ала келісіммен де келісімсіз де жасала алады. Бұл мәселеге кейінірек толық тоқталамыз. Үшіншіден, қылмысқа қатысушылардың арасында алдын-ала келісімнің болуы немесе болмауының қылмысты квалификациялау үшін елеулі маңызы жоқ. Бірнеше адамдардың бірлесіп істеген бұзақылығында, кісі өлтірушілігінде және басқа да қылмысты әрекеттерінде алдын-ала келісім болды ма, әлде болмады ма одан қылмысты квалификациялау өзгермейді. Сондықтан қылмыстық заңда алдын-ала келісімнің болуы немесе болмауы кейбір қылмыстар бойынша мүмкін екенін ескеріп, тек жауаптылықты ауырлататын құрам ретінде “егер топ адам жасаса” деп қана келтіреді. Мысалы, ҚК 120 бабының 2 бөлімінің “а” тармақшасында, 275-ші баптың 2-ші бөлігінің “б” тармақшасы т.б. Сондықтан да алдын-ала келісімнің болуы немесе болмауы қылмысқа қатысушылықтың қарапайым, ортақ белгісі ретінде көрініп, бірақ форма болып саналмайды...
4 Қылмысқа қатысушылық формаларын топтастыру негіздері
Қылмысқа қатысушылық формаларын бөлу белгісі, қылмысқа қатысушылық формаларының түсінігін ашатын белгілерінің арасынан шықпайтынына көз жеткіздік. Зерттеушілердің аталған белгілерді бөлу критерийі ретінде қолдануы нәтижесінде, осы күнге дейін олардың арасында қызу дау тудырды. Яғни бұл формаларды бөлуші белгі – Қылмыстық кодекстің 27 бабындағы қылмысқа қатысушылықтың түсінігін құрайтын белгілерінен және 31 баптағы әр қылмысқа қатысу формаларының түсінігін құрайтын белгілерден де шықпайды. Оның басты себебі, бөлу критерийін 27 баптағы қылмысқа қатысудың түсінігін құрайтын объективтік және субъективтік белгілерден алсақ, онда “дәреже” деген күңгірт, анық емес критерийді қолдануға итермелейді. Бұл біріншіден, екіншіден, егер Қылмыстық кодекстің 31 бабындағы формалардың түсінігін құрайтын белгілерді пайдалансақ (мысалы тұрақтылық), онда ісіміз сәтсіздікке ұшырайтынына көз жеткіздік. Өйткені 31 баптағы белгілерге қарай ол формалар бір-бірінен ажыратылады. Екі формада ол белгі бар, үшіншісінде жоқ.
Әдепкі екі форма бір-бірінен тағы да басқа белгі бойынша ажыратылады. Біз осы есептен, қылмысқа қатысушылық формаларын топтастыруда сырт белгілерді бөлу негізі ретінде ұсынуға мәжбүрміз. Сырт белгілер ретінде, қылмысқа қатысушылықтың және оның формаларының түсінігінде көрсетілмеген мән-жайларды аламыз.
Біз қылмысқа қатысушылық формалары бір-бірінен негізінен объективтік белгілерге қарай бөлінеді дедік: Біздіңше қылмысқа қатысу формаларын бөлудің бір тәсілі, осы формалардың пайда болуының себептері бола алады. Яғни осындай формалар неліктен бар деген сұрақ қойып, соның шешімін қолдану қажет. Бұл жерде мәселені криминологиялық белгілермен шешуді ойлап отырған жоқпыз. Қылмысқа қатысудың төрт формасы неліктен бар дегенде, біз бірлесіп қылмыс жасау ниетін іске асырудың жолдарына немесе тәсілдеріне көңіл аударып отырмыз. Қылмысқа қатысушылықтың біз білетін төрт формасынан басқа, оның бесіншісінің болуының еш мүмкіндігі жоқ.
Бұлай дейтін себебіміз, біз қылмысқа қатысушылықтың ең қарапайым, яғни жай түрінен бастап, оның ең күрделі, яғни барынша қауіпті, барынша кең ауқымды өмір сүре алатын қылмыстық қауымдастық формасына дейін алып отырмыз. Қылмыстық қауымдастықтан да асқан, одан да күрделі форма жоқ немесе топ болып алдын-ала келісіммен немесе келісімсіз түрде қылмысқа қатысудан да төмен, одан да қарапайым форманың болуы мүмкін емес. Өйткені ондай жағдайлардың болуын ой жүзінде келтіру мүмкін емес және практика жүзінде де бой алған жоқ. Демек, қылмысқа қатысушылықтың барлық формалары осы екі аралықтың ішінде ғана кездесе алады. Қылмысқа қатысушылардың бірлесіп, қасақана түрде қылмыстарды жүзеге асыруы немесе қатысушылық арқылы қылмыстық ниетін іске асырудың, орындаудың тәсілдері шектеулі. Осы тәсілдердің әр қайсысы жекелеген қылмысқа қатысушылықтың формаларын құрайды. Бұл тәсілдер, әрбір қылмысқа қатысу формасы түсінігінің ерекше белгілерін білдіреді.
Біз жұмыстың бірінші бөлігінде қылмысқа қатысу формасы нені білдіреді деп сұрақ қойып, берген анықтамада формаларды ажыратушы негізді қолдандық. Себебі ұсынып отырған критерийіміз сол анықтаманың не жайында екендігін, оның негізгі ерекшелігін білдіреді.
П.Ф. Тельновта қылмысқа қатысушылықтың формаларын бір-бірінен объективтік белгілер ретінде ажырата отырып, “Өзара әрекеттер әдістерін” түсіндіргенде, қылмысқа қатысушылықтың әр формасының ерекшеліктеріне немесе қылмысқа қатысушылардың әр формалардағы әрекеттерінің өзгешелігіне көңіл аударуды ұсынады. Бұл пікір салыстыра келгенде біздің де пікірімізбен ұқсас келеді. Ұқсастығы сол, қазіргі Ресейден шыққан оқулық әдебиеттерде, авторлар объективтік жақ тұрғыда бұл мәселені “бірлесіп қылмыс жасаудың тәсілдері” немесе жақшада “қылмысқа қатысушылардың өзара әрекеттерінің әдістері” деп көрсетеді [79. 194].