Абай мен Ыбырай шығармаларындағы үндестік
Абай мен Ыбырай мұралары осы кезге дейін біраз зерттелді десек те, бұл тарапта шеті бұзылмай «ақтаңдақ» күйінде беймәлім болып отырған мәселелер аз емес. Бұларды біртіндеп қолға алып, ғылыми айналымға, тексеріске, талқыға салу аса зәру мәселелер санатына жатады. Әрине, мұндай келелі міндеттерді атқарып шығу көп уақытты, дарын-қабілетті қажет етеді. Қандай бір күрделі жұмысты тиянақты орындау үшін оны орнымен, ыңғай жүйесімен бастай білу керек.
Бұл жұмысты Абай мен Ыбырай еңбектері, ойлары, көзқарастары арасындағы сарындастық, сабақтастық, тамырластық, ұқсастық жәйттерді қарастырудан бастау орынды деп білеміз. Мұның сан алуан қыры мен сыры бар. Ең әуелі екі данышпанның еңбектерін қатар қойып, салыстыра отыра еңбектеріндегі ұқсастықты саралап ашуды жөн көрдім.
Бұл екеуінің өмір жолдары, еңбек майдандары екі алуан болуымен қатар,екеуін бір туғандай ететін ұқсастық та аса айқын. Ол ұқсастық – олардың нәр алған тамырынан, аналық топырағынан туған. Екеуі де қазақтың киіз үйінде туылып, өз елінің өкілі болып шығуымен қатар, қазақ халқының ғана тіл, өнер, тарихи мәдениет ерекшеліктерінің көлемінде қалған жоқ, туысы қазақ болса да бұлардың өрісі, өсуі басқаша. Олар өздерінен бұрынғы қазақ баласы бармаған ырыс өлкесіне жетті.