Серікзат Дүйсенғазин
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университетінің доценті,
филология ғылымдарының кандидаты
Азаттық жырының ақтаңгері
(Дулат Бабатайұлы шығармашылығындағы дәстүр мен
жаңашылдық хақында)
Қазақтың ұлттық Ренессансының басы Абай Құнанбаев, оны дамытқан әрі қалыптастырған ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлері дейтін болсақ [1,5], оның пайда болу процесіне ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында ғұмыр кешкен кемел ақын Дулат Бабатайұлы бастаған «Зар заман» дәуірі әдебиеті өкілдерінің әсері бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Дулат ақынның Абайға дейінгі поэзияда көркем ойлау жүйесінің жаңаша үлгісін тудырып, ұлттың әлеуметтік үнін, халқының азаттығын жырлауда замандастарынан даралық танытқаны туралы Қ.Жұмалиев, Х.Сүйіншәлиев, Р.Сыздықова, Қ.Өмірәлиев т.б. сияқты көрнекті әдебиет зерттеушілері Кеңестік идеологияның екпіні басылмай тұрған кездің өзінде толымды пікірлерін жазды. Өткен заманның озығынан үйреніп, тозығынан жиренген, тарихтың тұнығынан қанып ішкен талғампаз Алаш қайраткерлері Семей жеріне туларын тіге отырып, сол өлкеде ұлы Абайдың алдындағы бүтіндей бір әдеби дәстүрдің бастауы болған, азаттықты аңсаған саф алтындай бағалы жырлар тудырған Дулат Бабатайұлының шығармашылығын мүлде білген жоқ десек қателескен болар едік. Оның кестелі көркем жырлары сол кезеңдегі азаттықты аңсаған көзі ашық зиялы қауымның айнымас темірқазығы болғандығы анық. Пікіріміздің дәлелі ретінде Дулат ақынның шығармашылығындағы идеялық жаңалықтар мен көркемдік ерекшеліктер турасында азырақ сөз қозғамақпыз.